Amnesty International қазақ тілінде бейбіт жиын бостандығы туралы білім беру уоркаутын іске қосты

3 наурызда Amnesty International және «Еркіндік Қанаты» қоғамдық қоры бірлесе әзірлеген қазақ тіліндегі алғашқы интерактивті білім беру модулін ұсынғалы отыр. Бұл модульдер бейбіт жиындар бостандығы құқығына арналған.

«Құқық қорғау уоркауты» – 2019 жылы Amnesty International жастар аудиториясына арнап дайындаған инновациялық ойын түріндегі білім беру платформасы. Платформа Адам құқықтары бойынша Еуропа соты (АҚЕС) қабылдаған қаулылардың талдауына сүйене отырып жазылған. АҚЕС – Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенцияның қатысушы елдердегі адам құқықтары бұзылған істерді қарайтын сот органы.

Қазақ тіліндегі алғашқы модульде АҚЕС -тың екі маңызды ісі қарастырылады:

—          «Лашманкин және өзгелер Ресейге қарсы» – билікті бейбіт жиын туралы ескерту мәселесі

—          «Идентоба және басқалар Грузияға қарсы» – демонстранттарды қорғау мәселесі

Бұл шешімдер азаматтар мен мемлекеттің бейбіт жиындар бостандығы құқығын жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен міндеттерін айқындауға негіз болды. АҚЕС шешімдерін орындау Қазақстан үшін міндетті болмаса да, олар құқықтық дәлелдер мен адам құқықтарын қорғау тәжірибесінде маңызды бағдар бола алады.

«Бейбіт жиындар бостандығы – сіздің құқығыңыз. Бұл құқықтың қалай жұмыс істейтінін, оны қандай механизмдер қамтамасыз ететінін және оның шекаралары қайда екенін түсіну – оны қорғаудың алғашқы қадамы. Бұл – сөз бостандығы мен бірігу бостандығымен қатар, өзге құқықтарды қорғау үшін аса маңызды құқықтардың бірі. Біз қазақ тілінде сөйлейтіндердің барлығын осы білім беру модулін өтуге шақырамыз. Өз құқығын білетін және оларды пайдаланатын адамдар саны көбейген сайын, билікке бұл құқықтарды бұзу қиындай түседі», – деді Amnesty International-дың Еуропа және Орталық Азия бойынша адам құқықтары жөніндегі білім беру бағдарламаларының үйлестірушісі Стася Денисова.

Біз қазақ тілінде сөйлейтіндердің барлығын осы білім беру модулін өтуге шақырамыз. Өз құқығын білетін және оларды пайдаланатын адамдар саны көбейген сайын, билікке бұл құқықтарды бұзу қиындай түседі

Стася Денисова, Amnesty International-дың Еуропа және Орталық Азия бойынша адам құқықтары жөніндегі білім беру бағдарламаларының үйлестірушісі

Бейбіт жиын бостандығының ерекшеліктері Қазақстан азаматтары үшін ерекше маңызды, өйткені ел билігі бұл құқықты жүйелі түрде басып келеді. Соның ішінде феминистік қозғалыстардың жиын өткізуге жиі тыйым салынады. Оның айқын мысалы – Алматы әкімдігінің жыл сайынғы 8 наурыздағы Әйелдер шеруіне рұқсат бермеуі. Әкімдік шеруге тыйым салуды «қоғамдық тәртіп» пен «қауіпсіздікті қамтамасыз ету» сынды түсініксіз себептерді сылтаулатады.

«Мен ашу мен әділетсіздікті сезінемін – менің дауысым ұрланғандай, менің тәуелсіздігім сұрақ астында қалғандай. Алматы әкімдігі екі жыл қатарынан 8 наурыздағы әйелдер маршын өткізуге тыйым салып келеді. Бұл жағдай қынжылтады әрі ашуыма тиеді. Неліктен біз өзіміздің заңды бейбіт наразылық құқығымызды сұрап, бір ер адам – әкімнің шешіміне тәуелді болуымыз керек? Бұл қорлық деп санаймын», – деді 8 наурыз маршының тең ұйымдастырушысы Камила Енсегенова.

Бұл тыйымдар АҚЕС «Лашманкин және басқалар Ресейге қарсы» ісінде заңсыз деп таныған шектеу схемасына ұқсайды. Сол шешімде сот билік өкілдері жиі қолданатын «қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіру» немесе «алаңның бос болмауы» сияқты себептерді негізсіз деп таныды. Сот мұндай тыйымдардың Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенцияның 11-бабын бұзатынын және демократиялық қоғам үшін қажет емес екенін атап өтті.

«Бұл білім беру курстары әр адамның бейбіт жиын бостандығына қатысты жүйелі қысымды халықаралық құқықтық нормаларға сай заңсыз деп танитынын түсінуіне көмектесуге арналған. Біз қазақтілді аудиторияны уоркауттарды өтуге және адам құқықтары туралы білімдерін арттыруға шақырамыз. Қазақстан көптеген халықаралық конвенция мен келісімге қол қойған, бұл оған адам құқықтарын қорғау міндетін жүктейді. Өз құқықтары туралы неғұрлым көп адам білсе, елдегі адам құқықтарын жүзеге асыру соғұрлым тиімді болмақ», – деді «Еркіндік Қанаты» ҚҚ атқарушы директоры және тең құрылтайшысы Елена Швецова.

УОРКАУТТАРҒА СІЛТЕМЕЛЕР

🔗 https://eduworkout.org/kz/projects/1

🔗 https://eduworkout.org/kz/projects/2