Қазақстан

🠔 Артқа

Сөз бостандығы, бейбіт жиналу және бірлесу бостандығына ие болу құқықтары әлі де негізсіз шектеліп жатыр. Азаматтық қоғам белсенділері, оппозиция жақтаушылары, құқық қорғаушылар, билікті сынаған журналистер мен блогерлер саяси астары бар айыптар бойынша қорқыту, қамауға алу және қудалауға тап болды. 2022 жылғы қаңтардағы наразылық кезіндегі адам құқықтарын елеулі бұзушылықтардың көбісі үшін әлі де жауапкершілік жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті қалпына келтіретін заңнамаға қарамастан, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық әлі де кең таралған. Билік ЛГБТИ өкілдерін кемсітуді жалғастырды. Өзбекстаннан келген белсенділер күштеп қайтару қаупіне ұшырады. Климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл саясаты ұлттық міндеттемелерге сәйкес келмеді.

Ой-пікір білдіру бостандығы

Қазақстандағы құқық қорғау қауымдастығы арасынан бір жыл ішінде саяси астары бар айыптар бойынша кем дегенде 24 адам, оның ішінде құқық қорғаушылар, белсенділер, блогерлер мен журналистер түрмеге қамалды.

Билік сәуір айында су тасқынынан зардап шеккен аудандарға бұқаралық ақпарат құралдарының баруын шектеді және журналистер мен блогерлерді үкіметтің апатпен қалай күресіп жатқаны туралы сыни репортаждары үшін жауапқа тартты. Оралда тұратын журналист Рауль Упоровқа су тасқынын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға қойылған шектеулерді қатаң сынға алғаннан кейін «ұсақ бұзақылық» үшін айыппұл салынды.

Мамыр айында сот ProTenge жобасының журналисі Жәмилә Маричеваға «жалған ақпарат таратты» деген айыппен айыппұл салынды. Ол өзінің Telegram каналында билік тарапынан аккредитация берілмеген Азаттық Радиосының журналистеріне қолдау көрсетті.

Маусым айында қабылданған БАҚ туралы заңына онлайн БАҚ міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өту керек деген жаңа ережелер енгізілді.

Тамыз айында жарияланған жаңа ережелерге сәйкес шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен олардың журналистерін аккредитациядан бас тарту негіздері кеңінен тұжырымдалды, Онда Сыртқы Істер Министрлігі » Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес» аккредитация жасау туралы өтініштерді қабылдамауы мүмкін. Шетелдік журналистерге аккредитациясыз жұмыс істеуге тыйым салынды.

Қазан айында бір топ журналистер сотқа беріп, отандық БАҚ-ды мемлекеттік органдарда міндетті түрде аккредитациядан өткізу жаңа ережелеріне қарсы шықты. Ережелер журналистерге аккредитациядан өтпеген бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпаратты жариялауға немесе сілтеме жасауға тыйым салды. Жылдың соңында бұл іс жалғасып келе жатқан.

Бірлесу бостандығы

«Экстремистік» деп танылған ұйымдарға мүше болғаны үшін алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бекітілген.

Тіркелмеген бейбіт оппозициялық саяси партиялардың немесе Қазақстанның Демократиялық Таңдауына (ҚДТ) байланысы бар деген күдіккке ілінген ондаған қозғалыс жақтаушылары сол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. ҚДТ қозғалысын 2018 ж. Астана соты заңсыз «экстремистік» деп таныды.

Экстремизмге байланысты айыптар бойынша сотталған кейбір белсенділер үкіметтің «терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізіміне» енгізіліп, олардың банк карталары мен банк шоттары бұғатталды.

Тамыз айында журналист және саяси белсенді Думан Мұхамедкәрім тыйым салынған «экстремистік» ұйымды қаржыландырды және оның жұмысына қатысты деген айыппен жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Айыптаулар оның ҚДТ қозғалысын қолдағанына байланысты болды. Қараша айында апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырды, сонымен қатар оған үш жыл бойы қоғамдық іс-шараларға қатысуға және сұхбат беруге тыйым салды. Оның адвокаты бұл шешімге шағым беруді жоспарлаған.

Бейбіт жиналу бостандығы

Заңнамада бейбіт жиналыстар негізсіз шектелген, алдын ала рұқсат алу талабын, өткізу орындарын шектеді және қайталанған «бұзушылықтар» үшін айыппұл не бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мұндай «құқық бұзушылықтардың» 12 ай ескіру мерзімі билікке наразылық білдірушілерді іс-шарадан кейін ұзақ уақыт өтсе де қамауға алу мүмкіндігін береді, көбінесе болашақ наразылықтарға қатысуына жол бермеу үшін.

Алматы қаласының жергілікті билігі 8 Наурызға жоспарланған феминистік шеруге заңсыз тыйым салды.

Қазан айында полиция атом электр станциясының құрылысына қарсы бейбіт наразылық акциясын жоспарлаған 12 белсендіні тұтқындады және оларға «тәртіпсіздік дайындады» деген айып тақты.

Жазасыздық

Билік 2022 жылғы Қаңтардағы наразылықтар кезінде қауіпсіздік күштері жасаған күш қолдану, азаптау және адам құқықтарының басқа да ауыр бұзушылықтарды толық және жедел тергеу жүргізе алмай, кінәлілерді жауапқа тарта алмады.

2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін басталған азаптау және қатыгездік туралы жүздеген қылмыстық істердің ресми деректері қаңтар айындағы жағдай бойынша 50-ге жуық басқа мемлекет қызметкерлеріне қатысты сот процесі жүріп жатқан кезде тек 34 адам сотталғанын көрсетті. Көптеген істер тоқтатылды.

Алайда кейбір жағдайларда апелляциялық шағым бойынша қатаңырақ үкім шығарылды. Наурыз айында 2023 жылғы қарашада Алматы Гарнизоны Әскери Сотымен ақталған келісім-шартпен қызметте болған сарбазға қатысты сот үкіміне апелляциялық шағым келтіріліп, нәтижесінде үкімінің күші жойылып, ол түрмеге жабылды. Бастапқыда оған 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде азық-түлік сатып алу үшін бауырларымен бірге көлікте келе жатқан төрт жасар қызды атып өлтіргені үшін билікті асыра пайдаланды деген айып тағылды.

Жыныс негізінде зорлық-зомбылық

Сәуір айында Парламент тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін бұрынғы қылмыстық жазаны қалпына келтіріп, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауды күшейтті. Соған қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны жою бойынша кешенді шаралар жеткіліксіз, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық әлі де кең таралған.

Бір жыл ішінде 32 ер адам әйелдер мен балаларды зорлағаны және/немесе өлтіргені үшін сотталды. 2023 жылы Бас Прокуратураның бағалауы бойынша, жылына 80-ге жуық әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза тапқан.

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бішімбаевтың мамыр айында әйелін ұрып өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылуы елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жоғары деңгейде екені туралы халықтың хабардар болуын арттырды.

Мамыр айында БҰҰ-ның құқық қорғаушылар мәселесі бойынша арнайы баяндамашысы мен БҰҰ-ның басқа сарапшылары қуғынға ұшыраған әйелдер құқығын қорғаушы, белсенді Дина Смайылованың қылмыстық қудалауына қатты алаңдаушылық білдіріп, бұл оның «құқық қорғаушы әйел ретінде жұмыс істегені және өзінің бейбіт жиналу мен бірлесу бостандығына ие болу құқықтарын жүзеге асырғаны үшін кек алу мақсатындағы іс-шаралар сияқты” деп атап көрсетті.

ЛГБТИ өкілдерінің құқықтары

ЛГБТИ өкілдері биліктің, сондай-ақ үкімет жақтаушылар мен басқа топтар тарапынан, көбінесе «дәстүрлі құндылықтарды» сақтау деген желеумен қудалау мен кемсітушілікке тап болды.

«ЛГБТИ насихаты» үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңнаманы қабылдауға шақырған петиция ел ішінде және халықаралық деңгейде резонанс тудырды, ұсынылған заң бойынша тыңдаулар 2025 жылға дейін кейінге қалдырылды. БҰҰ сарапшылары «петицияның өзі алалауға негізделген және одан туындайтын кез келген заңнама міндетті түрде адам құқықтарын бұзады» деп атап өтті.

Ақпан айында үкімет жастарды ЛГБТИ мәселелері туралы ақпарат беретін сайтты бұғаттап, негізі ретінде ұлттық дәстүрлер мен балалардың құқықтарын қорғауды келтірді.

9 қазанда билік партиясы Аманаттың мүшесі Бас Прокуратурадан ЛГБТИ қоғамының жетекші үкіметтік емес ұйымы — Феминитаны «экстремистік» ұйым деп жариялауды талап етті. Сол күні Ата-Аналар Одағының мүшелері Феминита жиналысын өткізуге жол бермеу мақсатында ғимаратқа басып кіруге тырысып, қатысушыларды балағаттап, оларды видеоға түсіріп алған. Іс-шараға шақырылған полиция қызметкерлері жиналысқа қатысушылардың жеке бас куәліктерін суретке түсірді, бірақ наразылық білдірушілерге қарсы ешқандай шара қолданбады. Феминита полицияға шағым түсірді, бірақ тергеу барысы жыл соңында белгісіз болып қалуда.

Босқындар мен мигранттардың құқықтары

Қазақстанда тұратын Қарақалпақстан Автономиялық Республикасының белсенділері Өзбекстанға мәжбүрлі түрде қайтару қаупіне тап болды. Қайтарған жағдайда олар Қарақалпақстанда адам құқықтары бұзылуына қарсы науқан жүргізгендері үшін саяси астары бар айыптар бойынша азапталуы және ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Үш белсенді — Ақылбек Мұратбай, Расұл Жұманиязов және Ринат Отамбетов ақпан-сәуір айлары аралығында қамауға алынып, Өзбекстанның қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін ақпаратты таратты деген жалған айып тағып, экстрадициялау туралы сұраныстан кейін қамауға алынды. Қазақстанда заңды түрде 10 жыл тұрған Ақылбек Мұратбай босқын мәртебесін алуға өтініш берді, бірақ босқындар жөніндегі Комиссия оның өтінішін қабылдамады. Жыл соңындағы жағдай бойынша бұл шешімге апелляциялық шағым қаралуда.

Салауатты ортаға ие болу құқығы

Климат өзгеру саласындағы тиімділік индексі Қазақстанды жылы газдар шығарындыларын есепке алудың ашық жүйесінің жоқтығы және көмірден кезең-кезеңімен бас тарту, климат өзгеруіне бейімделу мен «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлемегені үшін сынға алып, «көрсеткіштері өте төмен ел»деп бағалады. Қазақстан жылы газдар шығарындыларының әлемдегі ең ірі 30 көзінің қатарында қалуда.

Сонымен қатар, Қазақстан климат өзгеруіне байланысты күшейген экологиялық апаттардан зардап шекті, оның ішінде сәуір айында соңғы онжылдықтардағы ең ауыр су тасқыны болды, бұл елдің 17 аймағының ішінде 10 аймағында төтенше жағдай жариялауына әкелді. Он мыңдаған адамдар үйлерінен эвакуацияланды, бірнеше адам қайтыс болды. Су тасқыны бұрыннан бар болған суға қол жеткізу мәселелерін ушықтырды, атап айтқанда, таза ауыз суға қол жетімділіктің теңсіздігін күшейтті, бұл әсіресе ауылдық жерлерге әсер етті. Су тасқыны мал мен сібір жарасының қорымдарын да шайып кетіп, ауыз су және суаруға арналған шектеулі су қорының ластану қаупін одан әрі арттырып, азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндірді.